Хакім Абай Музейіне экскурсия

ИП-17-4к2 тобының студенттері топ тәлімегері Шинибекова Р.А. бірге Хакім Абай музейіне экскурсия жасады.

Хакім Абай музейі   2009 жылдың 22 қыркүйегінде Шымкент қаласындағы, Абай саябағынан  ашылды. Данышпан, ойшыл Абай Құнанбайұлына арналған музейдің ашылуына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасы болып табылады Хакім Абай музейінің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев келіп, алғашқы көрермені ретінде жаңа ашылған музеймен танысып, өзінің оң бағасын берген. Сондай-ақ бұл салтанатқа облыс әкімі, қала басшылары, зиялы қайуым өкілідері, мәдениет саласының қызметкерлері және жергілікті абайтанушы ғалымдар қатысқан.

Ұлы ақын, ұлт поэзиясының кемеңгері Абайды тану, түсініп оқу – адамзат баласының қолы оңай жете бермейтін рухани биіктікке алып баратын басқыштың бір баспалдағы. Хакім Абай туралы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп айтқан болатын: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс». Бұл сөз барлық қазақ баласының көкейінде тұруға тиісті, қасиетті қағидаға айналуы қажет.

Музейде Абайдың ақындық мұрасы кеңінен насихатталуда. Жастардың Абай туралы ой-өрісін кеңейту, жастар арасында отансүйгіштік сезімді арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, студенттерге  Абайдың ұлылығын жан-жақты таныта білу, асыл қазына шығармаларын түсініп оқу, өлеңдерінің өміршеңдігін, маңызын түсіндіру, адам бойындағы асыл қасиеттерді танып білуге, достыққа, ұйымшылдыққа баулау  мақсатында осы экскурсия өткізілді.

Мұражай қазақтың ұлы ақыны, философ, қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Мұражай шағын бөлмені алады. Онда хакім Абайдың өмір сүрген кезеңдеріне байланысты мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер, этнографиялық экспонаттар, кітаптар мен мерзімді басылымдар, қолжазбалар жинақталған. Абай мен оның ізбасарларының әдеби шығармалары, сондай-ақ олардың әлемнің әр түрлі тілдеріне аудармалары ұсынылған. Мұражайда ХІХ ғасырдағы қазақ тұрмысының ерекше заттары көп. Кейбір экспонаттарды Шымкент музейіне Абай Құнанбаев республикалық мұражайы берді.

Осы экскурсиядан кейін студенттердің Абайтану пәніне қызығушылықтары арта түсіп, келешекте ақын Абай Құнанбаевты зерттеуді ұйғарды.