Университетаралық әдістемелік тәжірибе алмасу семинары болып өтті

2016жылы  30-наурыз күні М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университеті «Ақпараттық технология және энергетика» жоғары мектебіне қарасты, «техникалық мамандықтар бойынша шет тілдері» кафедрасының бастамасымен,университетке еңбегі сіңген ұлағатты ұстаз, білікті маман, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қадиша Төлеубайқызы Оспанованың 70-жылдық мерейтойына орай, кафедра оқытушыларының белсенділігімен «Imparting Learning while Building Confidence & Potential» университетаралық әдістемелік тәжірибе алмасу семинары болып өтті.

Семинарға қатысқан университеттің төрт бірдей «шет тілдері» кафедрасының оқытушыларымен қатар, кәсіби ағылшын тілін оқытатын өзге мамандық кафедраларының оқытушылары және ОҚПИ-ның «ағылшын тілі» кафедрасыныңізденімпаз, білікті мамандары өздерінің әдістемелік іс-тәжірибелерімен бөлісті. Семинар қонағы Қадиша Оспанова ұстаздық еңбек жолындағы, елімізде және алыс жақын шет елдерде жинақтаған мол тәжірибесінен мастер класс өткізді. Семинарға жиналған озық ойлы мамандарымыз «кәсіби шет тілін» үйретуді жоғары білім беру жүйесінде заманауи талапқа сәйкестендіру тапсырмаларына кеңінен тоқталып, өзара пікірталасты.

Семинар соңына қарай, доцент Қ.Оспанова семинарға қатысушыларға ұсынған «На пыльных тропинках разных стран впечатаны ЮКГУ следы» атты слайд шоуында еңбегі пен білімінің арқасында жеткен жетістіктері мен халықаралық стипендиялар арқылы өзі табан тіреген елдер АҚШ, Ұлыбритания, Кипр, Франция, Германия, Хорватия, Италия, Швейцария, Турция, Ресей туралы естеліктері мен осындай нәтижеге жету жолдары туралы ақпараттарымен таныстырды. Семинар барысынан түйгеніміз адал еткен еңбек елеусіз қалмайтынын түсіндік.

Өзінен кейінгі әріптестеріне үлгі боларлық мол тәжірибесімен шынайы бөліскен Оспанова Қадиша Төлеубайқызына зор денсаулық тілеп, мерейтойыңыз құтты болсын дейміз!!!