Жұмыс берушілермен кездесу

22 сәуір күні «Энергетика және дәстүрлі емес энергетикалық жүйелер» кафедрасының ұйымдастыруымен Еуразиялық Топ (ERG) "Энергоорталық-3" кәсіпорнының өкілдері мен 5В071800 Электр энергетикасы және 5В071700 Жылу энергетикасы мамандықтары бойынша 4 курс бітіруші түлектерімен кездесу өткізді. Бұл кездесудің мақсаты дарынды жастарды кәсіпорынға қажетті бос жұмыс орындарына тарту.

Түлектердің үздіктерін компанияға тартудың жолы қандай? Биыл 25 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Еуразиялық Топтың қалыптасқан бірнеше әдістемелері бар. Атап айтар болсақ, ERG ондаған компаниялармен бірлесіп, жыл сайын жоғарғы оқу орындары өздерінің түлектеріне арнап өткізетін бос орындар жәрмеңкелеріне ұдайы қатысады. Сондай-ақ, компания халықаралық World Skills чемпионаты мен қазақстандық Хакатон – бизнес-кейстерді шешу жолындағы үздік идеялар байқауына атсалысып келеді. Оларда үздік шыққан түлектер Топ кәсіпорындарында тәжірибе, тағылымдамадан өту мүмкіндіктеріне ие болды. Олардың арасынан дараланғандар тұрақты жұмысқа да орналасты.

Бұл күні студенттер алдында өндірістің білікті шеберлері мен ERG-дің HR мамандары сөз алды. Олар Топ кәсіпорындарының өзге компаниялардан артықшылықтарына тоқталып, өндіріс ошақтарының алдағы жылдардағы даму бағыттарын тілге тиек етті. Шараға қатысқандар «ERG-дағы болашақ» атты бағдарлама туралы ақпаратқа қанықты. Ол Топтың студенттер және түлектермен әрекеттестігі, кәсіпорын қызметкерлеріне ұсынылатын даму мүмкіндіктері мен компаниядағы жастар кеңестерінің белсенділігі атап айтылды. «ERG-дағы болашақ» бағдарламасының артықшылығы ақылы тәжірибе/тағылымдама, тәлімгер/жетекшінің тағайындалуы, жұмысқа орналасу, қызметте өрлеу жоспарын әзірлеу және кадрлар резервіне енгізу.

Сондай-ақ, студенттерге Топ кәсіпорындарындағы сыртқы/ішкі ротация аясындағы қызметтік өрлеу, өсу мүмкіндіктері айтылды.  

Кездесуде қызметкерлерге ұсынылатын әлеуметтік жеңілдіктер ашық айтылды. Өйткені бұл жұмысқа қабылдау барысында безбенделетін маңызды артықшылықтардың бірі. Олардың қатарында медициналық сақтандыру, тамақтандыру, жұмысқа алып келіп, кейін үйге жеткізу, жыл қорытындысында берілетін бонус, өндіріс мамандарының демалысына қосымша күндер қосып беру,  санаторлық-курортты карталарды жеңілдетілген бағамен беру, ішкі және сыртқы тренингтер, Топтың тұрғын үй бағдарламасына қатысу мүмкіндігі бар.

Кездесу осңында Топ кәсіпорындарынлда ашық есік күндері өтетіні және бизнес-кейстерді шешу байқауы ұйымдастырылатыны айтылды. Интеллектуалды сайыс жеңімпаздары мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ғылыми-техникалық конференцияға шақырту алмақ.